ТМД-да 2025 жылы 4 әуе оқиғасы болды, оның ішінде Ресейде 48 адам көз жұмған ұшақ апаты бар
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) 2025 жылға арналған ұшу қауіпсіздігі жөніндегі жылдық есебін жариялады. Құжатта өзге өңірлермен қатар, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аумағына қатысты мәлімет те қамтылған.
ТМД елдерінде 2025 жылы 4 әуе оқиғасы болып, әуе оқиғаларының жалпы деңгейі 2024 жылғы әрбір миллион рейске 1,44 көрсеткішінен 2025 жылы 2,74-ке дейін артқан. Бұл көрсеткіш соңғы бес жылдағы орташа көрсеткіштен (2,26) де жоғары.
Ал әуе оқиғаларындағы адам өлімінің тәуекелі 2024 жылғы нөлдік көрсеткіштен 2025 жылы 2,74-ке дейін өсті.
"Әуе оқиғаларының бәрі турбовинтті әуе кемелерімен байланысты. Олардың қатарында 48 адамның өліміне әкелген CFIT (әуе кемесінің жерге соғылуы) әуе апаты да бар", – делінген есепте.
Еске салайық, бұл апат 2025 жылы 24 шілдеде Ресейдің Амур облысында болған. "Ангара" әуе компаниясына тиесілі Ан-24 маркалы жолаушы ұшағы апатқа ұшырап, 48 адам адам көз жұмған болатын. Олардың бесеуі – балалар.
IATA есебінде әлем бойынша мәліметтер де қамтылған. 2025 жылы авиациялық оқиғалардың жалпы деңгейі бір миллион рейске шаққанда 1,32 болды (әр 759 646 рейске бір оқиға). Бұл көрсеткіш 2024 жылғы 1,42 деңгейімен салыстырғанда төмен, алайда 2021–2025 жылдардағы бес жылдық орташа көрсеткіштен (1,27) сәл жоғары.
Жалпы алғанда 38,7 млн орындалған рейс кезінде 51 оқиға тіркелді.
Өліммен аяқталған оқиғалардың саны сегіз, ал бортта қаза тапқандар саны 394 адамды құрады. IATA мәліметтері бойынша, бұл көрсеткіштің өсуі аз ғана ірі апаттарға байланысты: 2025 жылы қаза тапқандардың 77%-дан астамы екі оқиғаға – Air India 171 және PSA Airlines 5342 рейстеріне тиесілі.
2025 жылы ең жиі тіркелген оқиғаларға ұшақтың құйрық бөлігінің ұшу немесе қону кезінде жерге тиюі (tail strike), шассиге қатысты инциденттер, ұшу-қону жолағынан шығып кету және жердегі әуе кемелерінің зақымдануы жатады. Сонымен қатар, жыл ішінде ұшу кезінде басқаруды жоғалтуға байланысты (LOC-I) бірде-бір оқиға тіркелмеген. Бұл – авиациядағы ең қауіпті оқиға түрлерінің бірі.
"Авиация алыс қашықтыққа сапар шегудің ең қауіпсіз көлік түрі болып қала береді. Әрбір оқиға – қайғылы жағдай болғанымен, ұзақ мерзімді үрдіс қауіпсіздік деңгейінің тұрақты түрде жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Он жыл бұрын орта есеппен 3,5 млн рейске бір апат тіркелсе, бүгінде бұл көрсеткіш 5,6 млн рейске бір апат", – деді IATA бас директоры Уилли Уолш.
Есеп сондай-ақ сала үшін жаңа сын-қатерлерді атап өтеді. Олардың қатарында қарулы қақтығыс аймақтарының көбеюіне байланысты маршруттардың өзгеруі, сондай-ақ спутниктік навигация жүйелеріне (GNSS) кедергі келтіру жағдайларының күрт артуы бар.