TikTok-та қазақ ұлтына тіл тигізген Қостанай тұрғыны 2 жыл бас бостандығынан айырылды
Қостанайда №2 қалалық сот 44 жастағы Юлия Хонға үкім шығарды. Ол Қазақстан Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі ("Әлеуметтік, ұлттық, тектік алауыздықты қоздыру") бойынша кінәлі деп танылды, деп жазды tobolinfo.kz.
Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қараша айының басында, түнгі шамамен 03:45 кезінде сотталушы алкогольдік масаң күйде өзінің TikTok аккаунты арқылы тікелей эфирге қосылған. Адвокаты Валерий Лидің айтуынша, эфир барысында Ресей мен Украина арасындағы соғыс талқыланған.
Тікелей эфир кезінде Юлия Хон қазақ ұлтына тіл тигізіп, арандатушылық сипаттағы бейәдеп сөздер айтқан. Судья Ольга Кузнецова мұны сараптама қорытындысы, эфир жазбасы және куәгерлердің айғақтары дәлелдейтінін алға тартты.
Сот нәтижесінде Юлия Хон екі жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұған дейін ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген болса, үкім жарияланған сәтте сот залында қамауға алынды.
Жаза тағайындау кезінде сот оның жеңілдететін жағдайларын да ескерді: сотталушының көз жанарынан айырылған баласы бар, оны емдетуге өзі қаражат төлейтіндігі айтылды. Сондай-ақ, Хонның бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны, тұрмыста екендігі және жұмыс істейтіні белгілі болды.
Сонымен қатар, сот процесуалдық шығын ретінде одан 826 мың теңге өндірілетінін хабарлады.
Адвокат Валерий Ли сот шешімімен келіспейтінін және апелляцияға шағым түсіретінін мәлімдеді. Оның сөзінше, эфир барысында Юлия Хонға да тіл тигізілген, ал қорлайтын сөздер бүкіл ұлтқа емес, жеке адамға бағытталған.