"Теңізшевройл" ЖШС Теңіз және Королевское кен орындарында мұнай өндіру жұмысы уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді.

Компания өкілдерінің айтуынша, шешім қауіпсіздік мақсатында және ықтимал тәуекелдердің алдын алу үшін қабылданған. Өндірісті тоқтатуға электр энергиясын тарату жүйелерінің бірқатарына әсер еткен жағдай себеп болған.

"Зардап шеккендер жоқ. Персоналдың қауіпсіздігі – компания үшін басты басымдық", – делінген ресми хабарламада.

Қазіргі таңда ТШО-ның техникалық қызметтері оқиғаның бастапқы себебін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Негізгі міндет – ахуалды қауіпсіз түрде жою және өндірісті қалыпты режимде қайта іске қосу.

Компания өкілдері жағдайды бақылауда ұстау және алдағы әрекеттерді үйлестіру үшін мемлекеттік органдармен тұрақты байланыста екенін атап өтті.