Теміртауда жасөспірімдер 67 жастағы зейнеткерді ұрып-соғып, видеоға түсірген
Қарағанды облысының Теміртау қаласында 67 жастағы зейнеткерге жасалған шабуыл дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды облыстық ПД.
ПД мәліметінше, бұл оқиға әлеуметтік желілерде видео тарағанға дейін-ақ учаскелік полиция инспекторларының алдын алу жұмыстары кезінде анықталған.
"Құқық қорғау органдары барлық кінәлі адамды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды да анықтап, ұстады. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар жасөспірімдердің ата-аналары мен заңды өкілдері бала тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны үшін жауапкершілікке тартылмақ. Ал жасөспірімдердің өздері профилактикалық есепке алынды", – делінген хабарламада.
Қазір қылмыстық істі тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қарағанды облысы полиция департаментінің басшылығы бұл істі ерекше бақылауына алғанын хабарлады.