Темекі бағасына тағы 300-350 теңге қосылады
Акциздік салықтың артуына байланысты алкоголь, тәтті сусындардың да бағасы көтерілуі мүмкін.Қазақстанда темекі, арақ-шарап өнімдерінің акциздік салығы жоғары болғанымен, алда тағы артып, 2025 жылға қарай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше өзге елдермен теңеседі. Бұл туралы 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев әзірге тек темекінің акциздік салығы өсетінін нақты айтты.
"2024 жылға дейін темекіге акциз мөлшерлемесін 35 еуроға көтеруді жоспарлап отырмыз. Яғни мың дана темекіге шамамен 16 мың теңге болады. Бұл ретте есептеп көрсек, бір қорап темекі үшін 300-350 теңге шығады", – деді министр.
Оқи отырыңыз:
- Темекі, ішімдік және есірткіге тәуелділіктен қалай арылуға болады?
- Қазақстанда темекі өнімдерін ашық сатуға тыйым салынды
"Атамекен" кәсіпкерлік палатасы темекі акцизінің жыл сайын 10 пайызға өсіп отыратына қатысты алдын ала кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілген айтып, бұл ортақ шешім екенін хабарлады. Одаққа мүше елдермен теңеспесе, мемлекет арасындағы заңсыз тауар айналымының көбейіп кету қаупі бар.
"Акцизді бірден күрт көтерсек, кәсіпкерліктің бірнеше секторынан бір-ақ айырылып қалуымыз мүмкін. Оның артында жұмыссыздық деген үлкен мәселе туындайды. Сондықтан да темекіге кезең-кезеңімен салынады. Ал алкогольді ішімдікке соңғы он жылда акциз 5 есе артқан. Енді, тәтті сусындарға келгенде Үкімет алдымен нақты зерттеу жүргізіп барып, бұл қадамға бару керек. Өйткені, азаматтардың денсаулығына тікелей тәтті сусындарды тұтынғаннан зиян келіп жатыр деген ғылыми сараптама жоқ", – деді "Атамекен" ҰКП АӨК және тамақ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Еркен Наурызбеков.
Үкіметте қазір құрамында қанты бар сусындарға акциз енгізу мәселесі де талқыланып жатыр. Кәсіпорынға артылған салықтық міндеттеме, өнім құнының артуына әкеледі. Экономист Мақсат Халық сұраныс аз-кем төмендегенімен, нарықты астыртын цехтар жаулайтынын айтады.
"Бағаны бірден өсіріп жіберсе, баламалы, яғни көлеңкелі түрде заңсыз өнім шығаратын түрлі компаниялар пайда болады", – дейді экономист Мақсат Халық.
Темекіден өткен жылдың ішінде бюджетке 420 миллиард, алкогольден 200 миллиард теңге салық түсті.