"Телефонын ломбардқа өткізуге мәжбүрлеген". Ақтөбеде шетелдік студенттерді бопсалаған ер адам ұсталды
Ақтөбе облысында шетелдік студенттерді қорқытып, ақша бопсалаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды облыстық ПД.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 28 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, арнайы жасақ сарбаздарының көмегімен ақша беру сәтінде қолға түсірген.
"Мәлімет бойынша, шамамен 10 күн бұрын күдікті шетелдік студенттермен танысып, кейін олармен бірге қаладағы ойын-сауық орындарының бірінде уақыт өткізген. Кейін есепшотты төлеу кезінде ақша жетпеген сәтті пайдаланып, ер адам студенттердің бірін қорқытып, ұялы телефонын ломбардқа тапсыруға мәжбүрлеген", – делінген хабарламада.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті мәліметінше, бірнеше күннен кейін күдікті бопсалау арқылы шетелдік азаматтың тағы 50 мың теңгесін иемденген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.