Тарихшы: Сарайшықтан Еуропаға дейінгі аймақта Алтын орда тарихы әлі зерттелген жоқ
Әбілсейіт Мұхтар "Сарайшық" музейінде көптеген ғалымның тек зерттеумен айналысуға мүмкіндігі болмай отырғанын айтты.Осы күнге дейін Үргеніш пен Сарайшыққа дейінгі аралықтың Азиядағы бөлігі зерттелген. Ал Сарайшықтан Еуропаға дейінгі аймақ зерттелмей отыр, деп мәлімдеді Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұхтар.
"Сарайшық музейі қазіргі таңда Алтын Орда кезеңі мен Сарайшықты ғана емес, қазақ тарихындағы күрделі мәселелерді де зерттеп жатқан жайы бар. Соның ішінде екі жылдан бері Білім және ғылым министрлігі бөлген қаржымен Батыс Қазақстан облысында болған үлкен лагерьді зерттеп жатырмыз. Бұл жобаға мәскеулік әріптестер де қатысты. Алдағы қорытынды жылында Мәскеудегі "Одақ" музейінде үлкен көрмеміз өтеді. Ал екінші жобамыз Керуен Сарайға қатысты. Жуырда ғана Алтын Ордаға байланысты халықаралық конференция өтті. Соның аясында алтынордалық мекен таптық. Алтын Орда мекенінің бір ерекшелігі бүгінгі күнге дейін Азияда Үргеніш пен Сарайшыққа дейінгі аралық зерттелген. Ал Сарайшықтан Еуропаға дейінгі аймақ зерттелмей отыр. Біз тапқан Алтын Орда мекені Сарайшықтан 20 шақырым жерде орналасқан", – деді Әбілсейіт Мұхтар.
Сондай-ақ, музей директоры бірауыздан Алтын Орда мекені екенін дәлелдеуге Мадияр Елеуов, Мұхтар Қожа, Амантай Исин, Айбар Қасеналин сынды археолог, тарихшылардың үлес қосқанын атап өтті.
"Мұнымен қатар, осы ғылыми жұмыстарды пайдалана отырып, Ресей мен Қазақстан мұрағаттарындағы зерттеулерді кеңінен жүргізіп жатырмыз. Соның нәтижесінде біз биыл Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан Сарайшық пен Астрахань ортасындағы Алтын Орда мекендері мен Керуен Сарайлардың картасын таптық деуімізге болады", – деп қосты Әбілсейіт Мұхтар.
Мұнымен қатар, тарихшы "Сарайшық" музейінде кадр жетіспеушілігіне байланысты көптеген ғалымның ғылыммен айналысуға мүмкіндігі болмай отырғанына тоқталды.
Еске салсақ, Қазақстан Республикасы халықаралық музейлер кеңесінің мүшесі Бақыт Оразымбетова мұраларды цифрландыру бойынша Өзбекстаннан үлгі алуды ұсынды.