Таразда көпқабатты үйлердің қасбеті қайта жаңғыртылуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен елімізде бастау алған "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы жемісті жалғасын табуда. Баянды бастама аймақта атқарылып жатқан ауқымды істерге серпін беріп, қарқын сыйлауда.
Облыс аумағындағы 4 қалада 1831 көпқабатты тұрғын үй бар болса, 2011-2023 жылдары 17 миллиард теңгеге 561 тұрғын үй қайта жаңғыртудан өткен. 2023 жылы 301,5 миллион теңге қайтарым қаражат есебінен Тараз қаласында 7 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізіліп, 169 миллион теңгеге Шу қаласындағы 9 көппәтерлі тұрғын үйдің шатыры мен қасбеті жөнделді.
2024 жылы Тараз, Жаңатас, Шу қалалары мен Т. Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында 79 тұрғын үйді күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 5,9 миллиард теңге қарастырылған.
Сонымен қатар, Тараз қаласындағы коммуналдық меншіктегі 6 үйге 99,6 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылса, "Қаратау құрылыс – 2030" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 685,0 миллион теңгеге 11 көппәтерлі тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жақсарту жұмыстарын жүргізуде.
"Көне шаһардың өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, қаладағы үйлердің қасбетін жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Туған қаламыздың осындай тамаша кейіпке еніп, түрленіп жатқаны баршамызға қуаныш сыйлайды", – деді қала тұрғыны Қуат Жылқыбеков.