Тараз қаласында 36 жастағы әйел екі баласын бесінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберді. 5 жасар қыз бен 3 жасар ұл ауыр жарақат алып, медициналық мекемеде жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы

Оқиға қала іргесіндегі бесқабатты жатақханалардың бірінде күндізгі уақытта болған. Куәгерлердің айтуынша, балалар артқы терезеден төменге құлаған. Оқиғадан кейін әйелдің өзі де секірмек болғаны айтылады, алайда кейін бұл ойынан бас тартқан.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, келіншек жолдасымен жанжалдасқан соң осындай қадамға барған. Әйел жұмыссыз болған, ал күйеуі құрылыс материалдарын сататын дүкенде еңбек еткен. Көршілерінің айтуынша, отбасы сырт көзге тыныш көрінген, бұрын-соңды жанжал байқалмаған.

Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Мәулім Кенжалының мәліметінше, екі бала да жансақтау бөлімшесіне жатқызылған.

"Қыз балаға бас ми жарақаты, төменгі жақ сүйегінің сынуы және оң аяғының сүйек сынуы диагнозы қойылды. Ал ұл баланың миы қатты ісініп, ауыр бас ми жарақатын алған", – деді ол.

Аталған дерек бойынша әйел қамауға алынды. Жамбыл облысы полиция департаментінің ресми өкілі Құндыз Бөгенбаеваның хабарлауынша, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, "кәмелетке толмаған балаларды өлтіруге оқталу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Балалардың болашағы әзірге белгісіз. Дәрігерлер олардың толық қалпына келуі үшін бірнеше күрделі операция қажет екенін айтады. Тергеу барысында әйелдің бұған дейін психиатриялық есепте тұрмағаны анықталған. Балалар омбудсмені Динара Зәкиева келіншектің ауыр депрессияда болғанын және толық ем алмағанын мәлімдеді.