Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында түрмелерге қолданылатын байланысты тұншықтыратын қондырғылардың зардабын қала тұрғындары көріп отыр. Қалада орналасқан бес түзету колониясы төңірегіндегі тұрғындар да үнемі байланыстан ажырап қалады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

"Телефонмен сөйлесе алмай қалдық, балалар интернет қолдана алмай қалды. Мына жаққа бірдеме қойған дейді, біз оны түсініп жатқан жоқпыз. Көрші түрме бастығымен сөйлескен екен, "заглушка" қойдық депті. Оны қойса, өз жағына қойсын, бізде несі бар? Біз де тірлік жасауымыз керек. Балалар оқиды, интернет пайдаланады", – дейді Тараз қаласының тұрғыны Рыскүл Күзекбаева.

Байланыс соңғы төрт күнде мүлде үзілген. Осыған орай, бейбіт күнде түрмедегідей күй кешкен тұрғындар құқықтарының шектелгеніне наразы.

"Байланыс жоқ. Интернетте қоя салыңызшы, балаларымен хабарласа алмаймын қалдым. Елдер жедел жәрдем шақыра алмай жатыр", – дейді қала тұрғыны Еділ Рахметов.


Оқи отырыңыз: "Жамбыл өңірі орташа айлық жалақы бойынша 16-орында". Қордай қақтығысына әлеуметтік-экономикалық талдау


Жамбыл облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мұны түрмелерде қолданылатын байланысты шектейтін қондырғының қуаты мекеме аумағынан асып кетуімен байланыстырады.

"Арнайы мамандар келеді. Барлық ұялы байланыс мамандарымен бірлесіп, сыртқа шығып жатқан диапазондарды қысқартып, ішке қарай тартамыз. Бұлардың бәрі – заманауи аппараттар. Реттеуге келеді", – дейді Жамбыл облыстық ҚАЖД бастығының орынбасары Еркін Нұрбаев.

Ол, сондай-ақ мұндай жұмыстар Қазақстанның барлық колонияларында қолданылып жатқанын айтты. Осыған орай, түрмесі көп Тараз тұрғындары түзету колонияларын қала аумағынан тыс жерге шығаруды талап етіп отыр.