Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Атырауда көпбалалы отбасыларды, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шараларын, әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодексте қазақстандықтарды зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін жақсартудың жаңа тәсілдерін түсіндірді, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.

"Былтыр мемлекеттің бюджетінен 4,9 млн азаматқа зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді төлеуге шамамен 4 трлн теңге бөлінді. Бұл – ел бюджетінің төрттен бір бөлігі. Атырау облысында былтыр зейнетақы мен жәрдемақы алушылар саны 193,5 мың адамды немесе облыс халқының жалпы санының 29,3 %-ын, төлемдердің жалпы сомасы 125,6 млрд теңгені құрады. Биыл 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері 5%-ға, ынтымақты зейнетақы 7% индекстелді. Ал 1 сәуірден бастап инфляция дәлізін қайта қарауға байланысты зейнетақы мен жәрдемақы қосымша 4% индекстелді", – деді Тамара Дүйсенова.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар


Министр мәліметінше, көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға бюджеттен төленетін жәрдемақының 5, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдердің 2 түрі кіреді. Биыл бұл мақсатқа 38,3 млрд теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға артқан.

"Елімізде қабылданып жатқан әлеуметтік қолдау шаралары демографиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді. Мәселен, 2020 жылы 426,8 мың, ал, 2021 жылы 446,8 мың бала өмірге келді. Осы орайда үшінші, төртінші, бесінші және одан да көп баланың өмірге келу үрдісі байқалады", – деді министр.