Талғарда Хасан Қасымбаев 12 жылға бас бостандығынан айырылды
Талғар аудандық соты қоғам назарын аударған қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Сот шешімімен Хасан Қасымбаев адам ұрлау, қасақана ауыр жарақат салу және қорқытып ақша алу баптары бойынша кінәлі деп танылып, 12 жылға сотталды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".
Онымен бірге Руслан Әлиев, Мадияр Қалимжанов, Сайлау Ақжанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков және Данияр Асқаров та жауапқа тартылды.
Іс материалдарына сәйкес, жәбірленушілер ретінде кәсіпкер Әріпжан Тәжіев пен фитнес-жаттықтырушы Арман Әлімов танылған.
Сот процесі кезінде ғимарат күшейтілген күзетке алынып, аумақта полиция қызметкерлері кезекшілік етті. Залда айыпталушылардың туыстары көп жиналып, кей сәттерде айғай-шу болған.
Еске салайық, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Қасымбаевқа 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Ол былтыр қараша айында қамауға алынған еді.