Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында Қазақстан республикасының Тәжікстандағы мәдениет күндері аясында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы бюсті ашылды. Рәсімге Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. 

"Бүгін Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы мәдени тарихындағы маңызды кезең басталды. Душанбеде қазақтың ойшылы, ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы бюстінің ашылу салтанаты өтті. Бұл оқиға тек мәдени ынтымақтастықты ғана емес, сонымен қатар екі ел арасындағы терең рухани байланысты нығайтады. Қазақстан мен Тәжікстанды тек мемлекет басшылары орнатқан достық пен өзара сенім ғана біріктірмейді, сонымен қатар мәдени мұрамызды жаһандық аренада таныстыру да – ортақ мақсат", – деді Аида Балаева. 

Душанбе қаласында ақын Абай Құнанбайұлы бюстінің ашылу рәсімі

Оның айтуынша, екі елдің бірлескен бастамалары аймақтық ынтымақтастықтан әрі асып, әлемдік мәдени қазынаның бір бөлігіне айналған.

"Каир, Будапешт, Пекин, Ташкент, Мәскеу және Тегеран сияқты қалалармен бірге Душанбе де Ұлы Абайдың бейнесі соғылған тағы бір әлемдік астанаға айналды. Бұл ескерткіш – біздің ынтымақтастығымыздың символы ғана емес, бұл одан да жақын байланыс орнатып, өзара рухани дамуға серпін береді", – деді мәдениет министрі.