Таеквондодан Туниске алтын әперген Есбол Сұлтанов өзін Қазақстан құрамасының бас бапкерлігіне ұсынды
Қазақстан таеквондо федерациясының ұйымдастыруымен алқалы жиын 17 қарашада өтеді.Қазақстандық бапкер, Тунис елінің таэквондошыларын жаттықтырып, биыл Париж Олимпиадасында құраманы жалпы есепте төртінші орынға шығарған Есбол Сұлтанов өзін Қазақстан құрамасының бас бапкерлігіне ұсынды. Бұл туралы ол Инстаграм желісінде хабарлады.
"Мен, Есбол Сұлтанов, кеше Париж Олимпиадасында таеквондодан Тунис еліне алтын медаль жеңіп алған бапкермін. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мені атап өтуі – мен үшін үлкен құрмет. Соған байланысты, енді қазақ спортын көтерсем деймін. Өз кандидатурамды ұлттық құраманың бас бапкері ретінде ұсындым. 17 қараша күні Қазақстан таеквондо федерациясының ұйымдастыруымен үлкен жиын өтеді. Мен үшін қазақ спортына, қазақ еліне қызмет ету үлкен мәртебе. Алла қаласа, 2028 жылы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарында қазақтың баласы таеквондодан алтын медаль жеңіп алып, әнұранымыз шырқайды деп сенемін. Жеңісті күндеріміз көп болсын! Алға, Қазақстан", – деді Есбол Сұлтанов.
Еске салайық, Париж Олимпиадасында Тунис құрамасы таеквондодан алтын және қола жүлдеге ие болып, жалпы есепте төртінші орыннан көрінді. Тунис елінің таеквондошыларын Есбол Сұлтанов жаттықтырған болатын.
Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Есбол Сұлтановты мысалға ала отырып, Бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керектігін айтқан еді.
"Өкінішке қарай, көптеген талантты бапкерлер өз елімізден қолдау таппай, шетел асып кетіп жатады. Олар сол жерге барып, жас спортшыларды тәрбиелейді, яғни, басқа мемлекеттің ұлттық құрама командаларын әлемдік додаларға дайындайды. Мысалы, осы Олимпиада ойындарында Тунис елінің таеквондодан ұлттық құрамасы қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен екі медаль жеңіп алды, оның біреуі – алтын медаль. Бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керек, әсіресе, олардың қоғамдағы әлеуметтік және кәсіби мәртебесін арттыру өте маңызды. Бір сөзбен, бізге мықты бапкерлер мектебін жасақтау қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Информбюро порталының Есбол Сұлтановпен сұхбатын осы жерден оқуға болады.
Оқи отырыңыз: Қазақ бапкер неге Тунисте чемпиондар тәрбиелеп жүр? Жаттықтырушы Есбол Сұлтановпен сұхбат