Шымкентте қоғамдық көлік ақысы әзір өспейтін болды
Бағаны көтермес бұрын қала әкімдігі енді тасымал сапасын көтермек.Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі қалада қоғамдық көлік ақысы өспейтінін хабарлады. Бұған дейін бағаны 100 және 200 теңгеге көтеруді көздейтін қала әкімдігі әзірлеген қаулы жобасы жойылды.
Дегенмен, жолақыны көтеру мәселесі күн тәртібінен түспейді.
"Жол ақысын көтеру тасымалдаушылар тарапынан көрсетілетін қызметтердің сапасы жақсарған, жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайларда ғана мүмкін болады. Алайда, азаматтардың кейбір санаттарына, әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарына жеңілдіктер беру мәселесін қарастырылады", – делінген қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұл ретте Шымкент әкімдік тасымалдаушылардың жауапкершілігін күшейтуді, автопарктерді жаңартуды жалғастыруды жоспарлап отыр. Экологиялық ахуалды жақсарту үшін әлеуетті инвесторлармен электр автобустары мен маршруттарға қызмет көрсету және көліктің басқа да баламалы түрлері енгізілмек.
"Бұл мәселелерді шешу және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау белгілі бір уақытты қажет етеді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков осы осы бағыттағы қазіргі жағдайларды мұқият зерделеп, қалалық мәслихаттың наурыз сессиясының күн тәртібінен жолақыны көтеру мәселесін қарастыруды алып тастау туралы шешім қабылдады", – делінген қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Еске салайық, 23 ақпанда Шымкент әкімдігі қоғамдық көлік ақысын көтеруді мақсат тұтатын қаулы жобасын Ашық НҚА порталында қоғамдық талқы үшін жариялаған болатын. Қазір бұл құжат жобасы сайттан жойылған.
Оқи отырыңыз: Шымкентте қоғамдық көлікпен жүру ақысы өседі