Шымкентте мотор және техникалық майлар өндіретін жаңа зауыт іске қосылады
2026 жылдың екінші тоқсанында Шымкенттегі "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағында мотор және техникалық майлар өндіретін отандық зауыт іске қосылады. Бұл жоба импортты алмастыру бағытында "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ, "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ даму институттарының құралдарын тарту арқылы жүзеге асып жатыр.
Зауытта Voltrex майлау материалдары өндіріледі және есепке сәйкес, оның қуаты жылына 50 000 тоннаға дейін жетеді. Өндіріс желісіне энергетика, өнеркәсіп және көлік салаларының талаптарына бейімделген мотор, гидравликалық, трансформаторлық, турбиналық, индустриялық, компрессорлық және трансмиссиялық майлары кіреді. Жобаға салынған инвестиция көлемі 25 млн АҚШ долларын құрайды. Ол "Alageum Electric" өнеркәсіптік Тобы аясында жүзеге асырылуда.
Кәсіпорын пайдаланылған майларды қайта өңдеу және регенерациялау бойынша заманауи кешенмен жабдықталған. Көпсатылы терең тазарту технологиясы қауіпті қалдықтар көлемін едәуір азайтып, топырақ пен су ресурстарының ластануын болдырмайды және экологиялық басымдықтарды қолдай отырып, индустриялық майлағыштар мен жалпы мақсаттағы майларды шығаруға мүмкіндік береді.
Voltrex сапа, экология және еңбекті қорғау бойынша интеграцияланған менеджмент жүйесін (СТ РК ISO 9001, 14001, 45001) енгізуде және өндірістік процестерді IATF 16949 талаптарына сәйкестендіру бағытында жұмыс жүргізуде. Өнім API, SAE және ACEA сияқты халықаралық стандарттарға сәйкес шығарылатын болады, бұл оның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Жоба өңірдің өнеркәсіптік инфрақұрылымын күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын құрады және салалық оқу орталықтарымен бірлесіп мамандар даярлауға мүмкіндік береді.