Шымкент қаласында базарларда қолдан жасалған сусын сату дерегі анықталды. Бұл туралы Әділет департаменті хабарлады.

Мәліметке сәйкес, The Coca-Cola Company компаниясының ресми өкілдері департаментке арызданған. Олар қала базарларында сатылып жатқан кейбір өнімдердің компанияға тиесілі емес екенін мәлімдеген.

"Жоспардан тыс тексеру барысында тәртіп сақшылары базарлардан қолдан жасалған Coca-Cola сусынының ірі партиясын тапқан. Белгілі болғандай, саудагерлер сусынды өздері дайындап, оған жалған тауарлық белгілер жапсырған", – делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабы (тауар таңбасын заңсыз пайдалану) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Қазіргі таңда іс сотқа жолданған.