Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен және Tele2 компаниясының киберқауіпсіздік мамандарының қатысуымен азаматтардың деректері мен қаражатын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады.
Ведомствоның мәліметінше, бұл – ТМД аумағында осындай алаяқтық схеманың жолы алғаш рет кесілген жағдай.
"Қаскөйлер ұялы байланыс операторларының базалық станцияларын имитациялайтын арнайы құрылғы – SMS-бластерді пайдаланған. Бұл құрылғы 300 метр радиуста күшті сигнал таратып, смартфондардың автоматты түрде жалған желіге қосылуына себеп болған. Соның нәтижесінде пайдаланушыларға бірден фишингтік SMS-хабарламалар жіберілген. Құрылғы байланыс операторларының қорғанысын айналып өтіп, сағатына 100 мыңға дейін хабарлама тарата алған", – делінген хабарламада.
Алаяқтар құрылғыны автокөліктерге орнатып, адамдар көп жиналатын жерлерде – базарлар мен сауда орталықтарының маңында қолданған. Хабарламалар Beeline және Halyk Bank атынан жіберілгендей болып көрінген.
"Сілтемеге өткен азаматтар жалған сайттарға кіріп, өздерінің жеке деректерін, соның ішінде банк картасының нөмірін, CVV-кодын және SMS арқылы келген растау кодын енгізген. Осылайша, қылмыскерлер олардың қаражатына қол жеткізген. Жедел шаралардың нәтижесінде қылмыстық топ әрекеттің бастапқы кезеңінде анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта төрт күдікті қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.
Агенттік азаматтарды сақ болуға шақырып, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, жеке және банктік деректерді тек ресми ресурстарда ғана енгізуге кеңес береді. Сондай-ақ банк қызметкерлері мен байланыс операторлары ешқашан SMS немесе бөгде сілтемелер арқылы құпия ақпарат сұрамайтынын еске салды.
USD:
469.9 / 472.9
EUR:
552.5 / 557.5
RUB:
6.01 / 6.13