Шымкент қаласында әйел адамды пышақтап өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, күдікті жәбірленушіні бірнеше жерінен пышақтаған. Әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Қылмысқа олардың арасындағы бұрыннан келе жатқан бас араздық себеп болғаны анықталды. Қайғылы оқиға туралы полицияға куәгерлер хабар берген.

Полиция қызметкерлері күдіктіні жедел-іздестіру шаралары барысында "ізін суытпай" қолға түсірген. Ұстау кезінде қарулы ер адам қарсылық көрсеткендіктен, тәртіп сақшылары заң талаптарына сәйкес табельдік қару қолдануға мәжбүр болған.

Күдікті медициналық мекемеге жеткізіліп, кейін қамауға алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.