Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары ҰҚК қызметкеріне 200 мың доллар бермек болғаны үшін сотталды
Сот отырысында тағылған айыптар қайта сараланды.Шымкентте қала әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады қалалық соттардың бірыңғай баспасөз қызметі.
Сотталушы аса ірі мөлшерде пара бергені үшін кінәлі деп танылды. Сот талқылауы барысында прокурор істі аса ірі көлемде пара алу әрекеті ретінде қайта саралады.
"Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қалалық департаменті қала әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бойынша қылмыстық істі тергеу барысында Исахов департамент бастығының бірінші орынбасарына 200 мың доллардан астам ақшаны қылмыстық істі тоқтату үшін бермек болғаны анықталды", – деп жазылған хабарламада.
Сотта атап өтілгендей, экс-шенеуніктің кінәсі жасырын жүргізілген тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен де расталды. Судья оны өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырумен 8 жыл 5 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда пара алған адамды ұстап бергендер арасында 4 миллион теңге алғандар бар
Сонымен қатар, сот Қазақстан Республикасы Президентінің атына сотталған азаматты мемлекеттік награда – "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс берді.