Светлана Жақыпова халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалды
Уәкілдің негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету.Светлана Жақыпова халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
"Мемлекет басшысының өкімімен Светлана Қабыкенқызы Жақыпова Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Ххалықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындалды", – деп жазылған өкімде.
Светлана Жақыпова 2017 жылдан бастап 2019 жылдың қыркүйегіне дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, оған дейін денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ жобалық кеңсесінің бағдарламалар менеджері қызметін атқарған.
Уәкілдің негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету. Оларға:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
- жеңілдіктері бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
- басқа мемлекеттерде тұратын соғыс ардагерлері;
- мүгедектігі бар адамдар;
- мүгедек балалары бар отбасылар;
- атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;
- жасы бойынша зейнеткерлер;
- қандастар;
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар кіреді.