Суретші Аңсаған Мұстафа: Қазақстан суретшілер одағы "ұйқыда жатыр"
Аңсаған Мұстафа суретшілер одағының елдегі шығармашылықпен айналысатын азаматтарға қарайласу керек екенін айтады.Суретші Аңсаған Мұстафа жуырда Оңтүстік Кореяның суретшілер одағына қабылданған. Ол "Түркістан" газетіне берген сұхбатында корейлер өздері ұсыныс жасағанын айтады. Ал Қазақстан суретшілер одағы суретшінің көрмесіне келмеген.
"Оңтүстік Кореяда бұған дейін де сурет көрмесіне қатысқанмын. Ал олардың суретшілер қатысқан конкурстарында Корея суретшілер одағынан өкілдер жүреді екен. Мысалы, бізде суретшілер одағы "ұйықтап жатады" ғой. Ал олар қай жерде көрме өтіп жатыр, сол жерге арнайы барып, қылқалам шеберлеріне өздері ұсыныс жасайды. Маған да солай хабарласты. Еш ойланбастан келістім. Соның арқасында жаздыгүні Парижден хат келді. Хат француз және кәріс тілінде жолданыпты. Өйткені, халықаралық суретшілер қауымдастығы мені Кореяның суретшісі ретінде қабылдаған", – дейді суретші.
Оқи отырыңыз: "Лагеріміз қалаға айналды...". Қарағандыдағы репрессияға ұшыраған суретшілердің өнері
Дегенмен Аңсаған Мұстафа Қазақстан суретшілер одағына кірмеген.
"Олар мені ешқайда шақырған да жоқ, хабарласқан да емес. Өзім де ыңғай танытпадым. Мәселен, менің сурет көрмелеріме біздің одақтан ешкім келген жоқ. Одақтағылар шығармашылық адамын іздеп, шығармаларын қарап жүрмеген соң, біздегі суретшілердің еңбегі көп елене бермейді. Суретшілер одағы деп құрылғаннан кейін елдегі шығармашылықпен айналысатын азаматтарға қарайласу керек", – дейді суретші.