Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтында Хасан Аманқұлдың "Сулықпен дәрет алуға бола ма?" деген тақырыпта әзірлеген материалы жарық көрді.

"Дәреттің парыздары – үш ағзаны (бетін, екі қолы мен екі аяғын) жуу және басына масих тарту. Қолын жуғанда шынтағын қоса жуады, аяғын жуғанда тобығын қоса жуады. Дәрет алғанда жуылатын ағзаларына су тию (ағу) шарт. Дәрет суы денеден бөлініп, тамшы секілді ақпаса, дәрет дұрыс болып есептелмейді. Сондықтан қыстың кезінде қармен дәрет алғанда қардың суы денеден бөлініп, кемінде екі немесе одан көп мөлшерде тамшылап ағуы тиіс. Болмаса, алған дәреті дұрыс болмайды" делінген материалда.

Сәйкесінше, дымқыл сулық дәрет алуға жарамайды.


Оқи отырыңыз: Ұрық доноры, жасанды түсік, және ЛГБТ. ҚМДБ ғұламалар кеңесі биыл қандай пәтуалар шығарды?


Ханафи мәзһабының фиқһ және пәтуа кітаптарында "тырнағы ұзын болып, саусағының ұшын жапса, тырнақтың астына су жеткізу міндет", "саусағына тағылған жүзігі тар болса, дәрет алғанда оны қимылдату немесе шешу қажет", "дәретте немесе ғұсылда жуылатын ағзаға лай немесе қамыр жабысқан болса, оның түбіне су жеткізу уәжіп" деген пәтуалар айтылған. Сондықтан дәрет алғанда міндетті түрде денеге су құйылу керек.