Су тасқынынан зардап шеккен 3 664 отбасы жаңа баспана алды
Зерттеу қорытындылары бойынша, 9 306 баспана қалпына келетін санатқа жатады.Су тасқынынан зардап шеккен үйлерді жөндеуге 257 миллиард теңге қажет.
Үкімет су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету бойынша жұмысты жалғастырып отыр.
"Шамамен 67 мың адам өз үйлеріне оралды, эвакуациялық пункттердегі 3 664 тұрғынға барлық қажет көмек көрсетіліп жатыр. Су тасқыны басталғаннан бері барлығы 12 086 тұрғын үй мен 7 380 жалғыз баспана саяжай құрылыстары су астында қалды. Жалпы зардап шеккен өңірлерде 18 228 тұрғын үй зерттелді. Бұл — 94 пайыз. 15 651 нысан бойынша бағалау аяқталды. Бұл — 81 пайыз", – деді Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта зерттеу қорытындыларына сәйкес 9 306 баспана қалпына келетін санатқа жатқызылды.
"8 190 баспана қалпына келтірілмейтін санатқа жатқызылып, олар бойынша қайталама нарықтан 5 714 баспана сатып алу және 2576 типтік жобада баспана құрылыстары жоспарланған. Жалпы, тұрғын үйді қалпына келтіруге шамамен 257 миллиард теңге қажет. Қазіргі уақытта 6 176 отбасы жалпы сомасы 40 млрд теңгеге баспана жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы алды. Зардап шеккен аймақтарда бүгінде 3 414 отбасына қираған тұрғын үйдің орнына жаңа үйлер мен пәтерлер сатып алынды немесе өтемақы төленді", – деді үкімет басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, зардап шеккен азаматтарға арналған 2 500 жаңа баспана құрылысы жүргізіліп жатыр.
"33 321 отбасы 12 миллиард теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Бұл жұмыс Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Абай және Ұлытау облыстарында толық аяқталды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау облыстарында төлемдер жалғасып жатыр", – деді Қанат Бозымбаев.