Су тасқынымен күреске жиналған қаражат 200 миллиард теңгеге жуықтады
Қаржының жұмсалуын Қаржылық мониторинг агенттігі қатаң қадағалауға алған.Биылғы Қазақстан өңірлерінде болған су тасқынының салдарын жою үшін жиналған қаражаттың қазірге дейінгі жалпы көлемі 195 млрд теңгені құрайды. Мұның ішіне қайырымдылық операторларынан, кәсіпкерлерден түскен және мемлекет бөлген қаражат кіреді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижановқа сілтеме жасай отырып мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев хабарлады.
Депутаттың жазуынша, бөлінген қаражаттың әр тиынынан шейін қадағалауды Қаржылық мониторинг агенттігі өз мойнына алады.
"Қазірдің өзінде топан судың астында қалған өңірлерде әлеуметтік азық-түлік бағасы мен құрылыс заттарының бағасын негізсіз көтеру фактілері тіркелген. Мұндай жайттарға қарсы дереу шара қолданылады", – деп жазды Нартай Сәрсенғалиев.
Сондай-ақ, ол бұған дейін хабарланған, гидротехникалық нысандарға бөлінген ақшаның 1 миллиард теңгесін жымқыру дерегіне қатысты да түсініктеме берді. Оның сөзінше, Ұлытау, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласында аталған факт бойынша 4 қылмыстық іс қозғалыпты. Жемқорлардың есімі тергеу аяқталған соң жарияланады.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай Қазақстанның тағы бір облыс орталығында жарияланбақ