Су тасқыны салдарын жоюға Үкіметтің төтенше резервінен 7,5 млрд теңге бөлінеді. Ол неге жұмсалады
Ақтөбе мен Қостанай облыстарында 6 балабақша мен мектеп салынса, Ақмола облысындағы нысандар жөнделеді.Биылғы су тасқыны кезінде Ақмола, Ақтөбе және Қостанай облыстарында бүлінген білім беру және сауықтыру нысандарын жөндеу және жаңаларын салу мақсатында Үкіметтің төтенше резервінен 7 533 026 230 теңге қаражат бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ашық НҚА порталындағы Үкімет қаулысының жобасынан белгілі болды.
Қаражат аталған облыстардың әкімдігіне аударылады. Олар 2024 жылғы 1 желтоқсанға дейін қаражатты мақсатты игергені жөнінде Оқу-ағарту министрлігіне есеп беруі тиіс.
Қандай құрылыстар салынады
Ақтөбе облысы:
- Мұғалжар ауданының Көтібар батыр ауылында "Көтібар батыр атындағы негізгі мектеп-бөбекжай-бала бақша кешені" КММ 60 орындық мектеп – 670 млн теңге;
- Мұғалжар ауданының Жағабұлақ ауылында "Балауса бөбекжай-бақшасы" МКҚК 100 орындық балабақша – 980 млн теңге;
- Ойыл ауданының Екпетал ауылында "Екпетал мектеп-балабақшасы" КММ 320 орындық мектеп – 2 414 764 954 теңге;
- Ойыл ауданының Екпетал ауылында "Екпетал мектеп-балабақшасы" КММ 150 орындық балабақша – 1 505 484 780 теңге;
- Ойыл ауданының Қаратал ауылында "Балбөбек" бөбекжай-бақшасы" МКҚК 60 орындық балабақша – 630 млн теңге.
Қостанай облысы:
- Жангелді ауданы Көлқамыс ауылында "Айса Нұрманов атындағы негізгі орта мектебі " КММ 60 орындық мектеп – 869 749 400 теңге.
Оқи отырыңыз: Су тасқыны: Үкімет бизнестің мүлік шығындарын өтеуге 12 млрд теңге бөлді
Қандай нысандар жөнделеді
Ақмола облысы:
- Атбасар ауданы, Атбасар қаласындағы №1 орта мектеп ғимаратының бірінші қабаты мен жертөлесі – 228 019 951 теңге.
- Атбасар ауданы, Сергеевка ауылында орналасқан Атбасар аудандық білім бөлімі жанындағы "Ишим" ауылдық сауықтыру кешені – 53 577 763 теңге.
- Жарқайың ауданы, Дережавинск қаласы, Пригородный ауылы мекенжайында орналасқан Абай атындағы орта мектеп – 181 429 382 теңге.