Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданының прокуратурасы білім беру ұйымдарында еңбек кодексін бұзу фактілерін анықтады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы хабарлады.

"Атап айтқанда, Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағының 3) тармақшасының талаптарына қайшы, аудандық мектепте бұрын қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған мұғалім мен 2 күзетші жұмыс істеді. Сондай-ақ, психиатриялық бұзылуларға байланысты "Д" есебінде тұрған 1 адам (көмекші персонал) балалардың қатысуымен қызметті жүзеге асырғаны анықталды", – деп жазылған хабарламада.

Прокуратура шаралары бойынша білім беру ұйымдарында жұмысына жол берілмейтін адамдармен еңбек шарттары бұзылды. Кінәлі лауазымды адамдар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.


Оқи отырыңыз: Елімізде жалған техбайқау құжаттары жойылады


Заңнамада көзделген шектеулері бар педагогтің кәсіби қызметіне рұқсат бергені үшін мектеп басшысы ӘҚБтК-нің 409-бабы 7-5-бөлігінің 5) тармағы бойынша 25 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.