Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Сенаттың бір топ депутаттарының сауалына берген жауабында бұл ұсынысқа қатысты Үкіметтің көзқарасын хабарлады.

Жауапта жаттықтырушылар мен спорт төрешілері өз біліктіліктерін Жаттықтырушылар мен спорт төрешілеріне аттестаттау жүргізу қағидасына сәйкес растайтыны жазылған.

"Заңға сәйкес жаттықтырушылар мен спорт төрешілерін аттестаттауды республикалық және өңірлік спорт түрлері бойынша аккредиттелген спорт федерациялары жүргізеді. Осыған орай жаттықтырушылар мен төрешілердің қызметін лицензиялауды қажет емес деп пайымдаймыз", – делінген Әлихан Смайыловтың жауабында.


Оқи отырыңыз: Спортта тәртіп керек, бірақ әдептен озуға болмайды


Депутаттық сауалға жауаптан, сондай-ақ 2023 жылы ҚР "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңына өзгерістер енгізу жоспарланып отырғаны белгілі болды. Жаңа заң жобасын әзірлеу барысында жергілікті спорт федерацияларының республикалық федерация құрамында болуын міндеттейтін талап енгізу қарастырылмақ (Сенат депутаттары дәл осындай да бастама көтерген болатын).

"Уәкілетті орган республикалық федерацияны аккредиттеу үшін қойылатын талаптардан ұлттық олимпиада, паралимпиада, сурдлимпиада, Азия олимпиада кеңесі тарапынан тану өлшемшартын алып тастауды, өңірлік федерация (бірнеше өңірде жұмыс жасайтын) ұғымынан бас тартуды және жергілікті федерациялардың республикалық федерациялардың құрамында болу талабын енгізуді қарастыруда", – делінген Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың жауабында.