Сот Kundelik-тің өтінішін қанағаттандырмады. Алматы мектептері BilimClass платформасын қолданады
Алматы қаласының Мамандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гүлнәр Сағынбекова "Күнделік" ЖШС өтінішін қанағаттандырмады. Сот ұйғарымы бойынша 2026 жылғы 13 қаңтардағы ұйғарымда кеткен қателер түзетілді.
Атап айтқанда, 2026 жылдың 14 қаңтарындағы МАЭС-тің жаңа ұйғарымына сәйкес, судья Гүлнәр Сағынбекова талап қоюшының талапты қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартуды орынды деп тапты. Осылайша, судья Гүлнәр Сағынбекова "Күнделік" ЖШС-нің Алматы қаласының білім беру ұйымдарының BilimClass платформасына көшуіне қандай да бір шектеулер қою туралы өтінішін қабылдамады.
2025-2026 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап Алматы қаласындағы барлық мемлекеттік мектеп отандық BilimClass жүйесіне көшкен болатын. Бұл шешімге дейін платформа жан-жақты талдаудан өтіп, Алматы қаласындағы 15 мектепте пилоттық режимде апробацияланған болатын. Оған қоса, платформаға көшу алдында мұғалімдер BilimClass-пен жұмыс істеу бойынша тегін оқудан өткен.
Электрондық журналға арналған платформаны білім беру басқармалары өздері таңдайды. Таңдау кезінде мектептерге, мұғалімдер мен оқушыларға қолайлығы, білім беру процесінің қажеттіліктеріне және заңнамалық талаптарға сай болуы ескеріледі. BilimClass-қа мектептерді көшіру процесі деректердің сенімді сақталуы мен оларды қорғауды қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты.
Қазіргі таңда BilimClass жүйесін Алматы қаласы мен Қазақстанның 11 өңіріндегі 2,5 миллион оқушы мен 350 мың мұғалім қолданады. Бұған дейін платформа Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау, Абай, Қызылорда, Жетісу, Түркістан мен Солтүстік Қазақстан облыстарының мектептеріне енгізілген.