Қазақтың ұлы гуманист-күрескері Ахмет Байтұрсынов туралы жаңа фильм жарыққа шықты. Толықметражды тарихи драма Ақаңның сұлу да қасіретті тағдырының мәлім-беймәлім қырларын паш етеді.

23 мамырдан бастап еліміздің кинотеатрларында "Соңғы үкім" толықметражды көркем фильмі көрсетіліп бастады. Бұл фильм бар білімі бастауыш мектеп мұғалімі ғана, бірақ Ресей империясы мен Еуропаның айтулы университеттерін тәмамдаған білімпаз қазақ зиялыларының  алғашқы толқыны ұстаз деп мойындаған әзіз тұлға туралы.

Туынды ана тілінің  қыр-сырын танып, жоқ жерден терең ғылым жасаған, сол тілді туған елінің өнер-білім игеріп, озық жұрттың қатарына іліну жолындағы құралы етуге бар білігі мен қайратын жұмсаған ғажайып ғалым туралы. XX ғасырдың бас шеніндегі ірі түрколог ғалымдар оны өздеріне тең тұтқанмен, ол мұғалім деген сөзді өзі үшін ең құрметті атақ деп білді. 

Қарапайым ауыл мұғалімі өз елінің теңдігі мен хақысын талмай жоқтаған күрескерге, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың сөзімен айтқанда, "Өз сенімінің қайтпас қайсар пайғамбарына, алғашқы ұлт газеті "Қазақтың" редакторы һәм негізін қалаушы, шығарушысына" қалай айналды? Күрестің зорлықтан тысқары, бейбіт жолын ұстанған ізгінің алты рет абақтыға қамалып, екі мәрте жер аударылып, екі рет өлім жазасына кесілуінің сыры неде? Қандай ғұмыр кешті, неге сенді, нені көкседі, достары кім еді, не үшін күйді, қалай сүйді? "Соңғы үкім" кинотуындысы осыны өзек етеді.


Оқи отырыңыз: Эвересті бағындырған қазақ қызы: Өте қорқынышты сәт болды. Бірақ "Күшіміз барда, жүре беруіміз керек" деп ойладым


Көрерменнің көз алдында ұлы тұлға өмірінің ең бір қияпатты бұрылыс-бұрмаларынан елес беретін көріністер тіріледі. Басына небір қиындық түскенмен, аласапыран заман тезінен адамшылық қалпын айнымай өтіпті. Фильм 

"Мен өлсем де, өлемін жөнімменен,

Тәннен басқа не алар өлім менен?

Өлген күні апарып тығары – көр,

Мен жоқ болман көміліп тәнімменен", –

деп өткен қайран Ақаңның ақтық демі үзілер шаққа дейін жалғасады. 

Кинотуынды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.

Фильм Алматы, Семей қалалары мен Абай, Алматы, Жетісу облыстарының жерінде түсірілді.

Рөлдерді Азамат Сатыбалды, Дарья Александрова, Еркебұлан Дайыров, Айдар Наурызбаев, Александр Багрянцев,  Ерлан Кәрібаев, Максим Лукаянов, Михаил Токарев, Дәурен Серғазин, Алексей Фиалко, Назгүл Қарабалина, Ғалымбек Оспанов, Александр Свинцов, Нұралим Варисов, Иркә Абдулманова, Айболат Дастанұлы, тб. сомдайды.