Солтүстік Қазақстанда өрттен ер адам мен оның баласы қаза болды. Өрттің себебі анықталып жатыр
Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Майбалық ауылында жеке тұрғын үйде болған өрт салдарынан ер адам мен оның баласы көз жұмды, деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 11 қаңтар күні кешке тіркелген. Құтқарушылар жеткен кезде үй толықтай отқа оранып, қирап қалған.
"Үй иесінің айтуынша, өрт кезінде үйде оның күйеуі және екі кәмелетке толмаған баласы болған. Өртті сөндіру және үйінділерді аршу барысында ер адам мен бір баланың мәйіті табылды. Екінші баланы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр", – деп хабарлады өрт сөндірушілер.
Қазір ТЖД психологтары марқұмдардың жақындарына қажетті психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Өрт 64 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр.