Смайылов ЕАЭО елдеріне ортақ цифрлық платформа құруды ұсынды
Платформа технологиялық шешімдер, патенттер және инновациялық идеялармен алмасуға көмектеседі.Премьер-министр Әлихан Смайылов Алматыда өтіп жатқан Digital Almaty: Industry X форумында ЕАЭО елдеріне алдағы уақытта инновациялық идеяларды алмасып отыру үшін ортақ цифрлық платформа құру қажеттілігі туралы мәлімдеді.
Үкімет басшысы өз сөзінде бүгінде біз жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы, роботтандыру, сондай-ақ адам өміріндегі іс-әрекеттердің цифрлық түрленуінің куәсі болып отырғанымызды атап өтті.
"Мұндай жағдайда тез бейімделу және бірден жаңа шешімдер қабылдау мүмкіндігі жетістікке жетудің маңызды факторына айналады. Бұл өзгерістердің адами аспектісіне ерекше назар аудару қажет", – деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, мұндағы бірінші және негізгі бағыт – мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара іс-қимылы кезінде адам қажеттілігіне бағытталған тәсілді қалыптастыру.
Оқи отырыңыз: Google Play 2Gis қосымшасын өз жүйесінен алып тастады. Оны қалай жүктеуге болады
"Өткенді еске түсірейік. Құжаттарды қағаз түрінде алу үшін көп уақыт жұмсауға тура келетін. Бүгінде цифрландыру осы үдерістердің барлығын жеңілдетті. Қазір мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды форматта. Отбасының цифрлық картасы арқасында 6,3 млн қазақстандық отбасының деректері цифрландырылды. Жалпы мемлекеттік қызметтердің 40 түрі проактивті форматта көрсетіледі", – деп атап өтті Премьер-Министр.
Үкімет басшысы мемлекет пен бизнес ынтымақтастығының табысты мысалы ретінде коммерциялық банктердің бағдарламалық қосымшаларында мемлекеттік қызметтерді ұсыну екенін атап өтті. Бұл – онлайн-ипотека, автокөлік сатып алу/сату, салық төлеу, жәрдемақы алу және тағы басқа да қызмет түрлері.
Мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын жақсарту мақсатында "таза парақтан" реттеу қағидаттары да енгізілуде. Олар тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйелеріне негізделген. Бұл бақылау тиімділігін арттыруға және тексерулер санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Әлихан Смайылов атап өткендей, стратегиялық міндет – өтініштерді өңдеуді жеделдету және қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін жасанды интеллектті мемлекеттік қызметтер саласына интеграциялау. Бұл ретте дербес деректерді қорғау үшін қажетті шаралар қабылдануы тиіс.
Оқи отырыңыз: Ғылым министрлігінің құрамында Жасанды интеллект комитеті құрылады
Үкімет басшысы бүгінде жасанды интеллект элементтері өндіріс саласында, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, денсаулық сақтауда, мемлекеттік қызмет көрсетуде және т.б. салаларда қолданылып жатқанын атап өтті.
"Жасанды интеллектті қолданудың сәтті мысалдарының бірі – CEREBRA медициналық платформасы. Ол сандық технологияны пайдалана отырып, инсультті жылдам диагностикалауға мүмкіндік береді. Өткен жылы Қазақстанда сәтті іске қосылғаннан кейін жоба Өзбекстан нарығына да шықты. Ал бүгінде ұжым оны басқа елдерде де іске қосуға дайын", – деді Әлихан Смайылов.
Сонымен бірге ол жасанды интеллект құралдарын дамыту үшін ауқымды деректер мен есептеу қуатына қол жетімділікті қамтамасыз ету өте маңызды екенін атап өтті.
"Бізде барлық мемлекеттік органдардың деректерін шоғырландыру және өңдеу тәжірибесі бар. Қазіргі уақытта біз кәсіпкерлер мен стартаптар қауымдастығына жеке тұлға мәліметтері жоқ деректерге қол жеткізуді қамтамасыз ету тетіктерін пысықтап жатырмыз. Жыл соңына дейін біз ғалымдарымызды, ғылыми-зерттеу институттары мен бизнесті қажетті есептеу қуатымен қамтамасыз етеміз", – деп атап өтті Премьер-Министр.
Өңірлік ІТ-экожүйені дамыту мәселесіне тоқталған Әлихан Смайылов өзін инновациялық кластер және стартаптардың негізгі серіктесі ретінде танытқан Astana Hub халықаралық технопаркін мысалға келтірді.
"Қазір біз бұл тәжірибені еліміздің барлық өңірлерінде белсенді түрде кеңейтіп жатырмыз", – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы Astana Hub сонымен қатар әлемнің жетекші компанияларымен бірлесе білім беру курстары мен зерттеу орталықтарын іске қосып, ірі технологиялық алпауыттардың серіктесі болғанын еске салды.
Оқи отырыңыз: Гранттар мен тегін тағылымдама. Қазақстандықтар қандай IT жобаларға қатыса алады?
"Әлемнің әртүрлі бөліктерінде ұқсас экожүйелердің жаһандық серіктестер желісінің болуы маңызды. Өткен жылы біз Кремний алқабында IT-хабын іске қостық. Бұл біздің экспорттаушыларымызға жаңа технологиялар мен капиталға қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, әлемдік IT нарығына шығуға мүмкіндік берді. Мұндай жұмыстар Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс пен Еуропаны қоса алғанда басқа аймақтарда да жүргізіліп отыр", – деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының пікірінше, құзыретті және білікті кадрлардың болуы да маңызды мәселе. Бұл міндетті іске асыру үшін Қазақстанда жастарға қысқа мерзімде IT-мамандықтарды игеруге мүмкіндік беретін "TeхОрда" бағдарламасы іске қосылды.
"Нәтижесінде 6 мыңнан астам адам IT-білім алып, салада жұмыс істей бастады, табыстары бірнеше есеге артты", – деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Сонымен бірге ол республикада Спорттық бағдарламалау федерациясы құрылғанын еске салды. Ал биыл қыркүйек айында Астанада жастар арасында бағдарламалау бойынша әлем чемпионатының финалы өтеді.
Премьер-Министр өнеркәсіп саласында жаңа технологияларды қолдану мәселесіне де тоқталды.