Ширек ғасыр бұрын салынған емдеу мекемесінің қабырғасы қақырап, едені тесілген. Есік-терезеден жел соғып, төбеден су сорғалайды. Ақ халаттылар тозығы жеткен жерде науқастарды қабылдауға мәжбүрміз екенін айтты, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Медицина мамандары ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жасайтын уақыт жеткенін айтуда. Сонау 1960 жылдары салынған облыстық аурухананы ақ халаттылар жамап шаршағандарын айтты. Науқастар тозығы жеткен нысан апатты жағдайда тұрғанын айтып, шағымдануда.

"Ескі ғимарат. Жел гулеп тұр. Палатаның іші тар. Жуынатын жер біреу ғана. Өзіміз ауырып келгенде осындай жағдайға тап болып отырмыз. Науқастар үшін қолайлы жағдай жасалса екен", – деді Атырау қаласының тұрғыны Ержігіт Ермұратов.

Науқастарды емдейтін медицина мамандары қыста терезені қымтаумен әлекке түседі, себебі бөлмелердің іші суып кетеді. Оған қоса, емдеу мекемесінде дәретхана мен бөлме жетіспейді.

"Жағдайы ауыр науқас өте көп. 20 науқасқа екі дәретхана ғана бар. Әр жаңбыр жауған кезде судың өтуінен қабырға құлап жатыр. Дәрігерлерге де, науқастарға да – қиын. Үш-төрт палатаға қатар су өтіп кеткенде кіші буын қызметкерлерге біз көмектесеміз. Медбикелер көмекке келеді. Терезенің 50-60 пайызы жел соғып тұрады, оны скочпен жапсырамыз", – деді дәрігер Әзімбек Мархабай.


Оқи отырыңыз: Алматыда 123 жыл тарихы бар ғимарат неге бұзылып жатыр?


Облыстық аурухана ғимараты негізгі үш корпустан тұрады. Алғашқы нысанның қабырғасы осыдан 57 жыл бұрын қаланған. Бүгінге дейін аталған ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Бас дәрігер дабыл қағып, талай табалдырық тоздырғанын айтады.

"Қазіргі уақытта барлық ғимараттар жөндеуді талап етіп отыр. Барлығы да жөндеу көрмеген. Тек ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізілген. Қазір сараптама тағайындалды. Нәтижесі наурыз айында шығады. Содан соң конкурс арқылы жоспарға қойылады", – деді Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігері ербол Иманғалиев.

Жалпы, медициналық мекемеде жыл сайын шамамен 30 мыңнан астам адам түрлі ем-дом шараларын қабылдайды.