Қазақстан мен Өзбекстандағы Aviasales сервистері екі елдегі саяхатшылардың портретін әзірледі. Бұл зерттеу барысында шетелге Қазақстаннан гөрі Өзбекстаннан сапарға шығу арзан екені анықталған. Мысалы, Өзбекстаннан ұшақ билетінің орташа бағасы 315 долларды құраса, қазақстандық баға одан 37 пайызға артық болып, 431 долларды құраған. 

Бұл айырмашылық әсіресе келесі танымал бағыттарда анық байқалған:

  • Ресей – Өзбекстаннан $243, Қазақстаннан $344;
  • БАӘ – $294 және $409;
  • Қытай – $530 және $719;
  • Түркия – $361 және $375.  

"Өзбекстанда лоукостерлер көп әрі нақты күндерге сұраныс та сәл төменірек. Ал Қазақстанда рейстердің таңдауы кең болғанымен, соған сәйкес бағалар да жоғары", – деп түсіндірген мұны мамандар. 

Зерттеу барысында белгілі болғандай, екі елдің де саяхатшылары ең жиі таңдаған бағыттар – Ресей, Түркия, БАӘ және Қытай болса, одан бөлек өзбекстандықтар Қазақстанға, Оңтүстік Кореяға, Германияға, Сауд Арабиясына, Тәжікстанға және Қырғызстанға ұшқан.

Ал қазақстандықтар жиі ұшатын он елдің қатарына жоғарыда аталған елдерден бөлек, Өзбекстан, Грузия, Таиланд, Вьетнам, Әзербайжан және Италия кірген.

"Қазақстандағы рейстердің 6,9%-ында балалар сапарға шығады. Өзбекстанда бұл көрсеткіш сәл төмен – 4,7%. Отбасылық демалыс үшін қазақстандықтар Мысырды, Вьетнамды, БАӘ-ні, Әзербайжанды, Өзбекстанды және Түркияны таңдаса, өзбекстандықтар Мысырға, Қырғызстанға, Малайзияға, БАӘ-ге және Түркияға жиі ұшады", – делінген жолаушы портретінде.