Серік Сәпиев пен орынбасарының төбелесі: Қарағанды облысының әкімі пікір білдірді
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары, самбодан Азия мен әлем чемпионаттарының жүлдегері Дәурен Есімханов арасындағы төбелеске қатысты пікір білдірді.
Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайтында жазылған.
"Тәртіп бұзушылық бар, және ол үшін жауапкершілік те болуы тиіс. Сонымен қатар заң талаптарына қатаң сәйкес, үздіксіз атқарылуы қажет жұмыс бар. Бұл жөнінде біз бұған дейін де ашық мәлімдегенбіз және тағы да қайталап өтемін: аталған жағдай бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеру жүргізеді, сондай-ақ басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалады. Қазіргі уақытта оқиға фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр, әрбір әрекетке құқықтық баға беріледі", – деді өңір басшысы.
Облыс әкімі барлық мемлекеттік қызметшілердің заң талаптары мен қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтауы қажеттігіне ерекше назар аударды.
"Қоғамдағы кез келген келіспеушілік пен жұмыс барысындағы даулы мәселелер тек құқықтық алаңда шешілуі тиіс. Әрбір басшы ұжымдағы тәртіпке, заңның сақталуына және мемлекеттік органның беделіне жеке жауап береді. Мұны баршаңыз естен шығармауларыңыз қажет", – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Еске салайық, бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал кеше Серік Сәпиев әлеуметтік желіде пікір білдіріп, бұл оқиғаның жеке немесе тұрмыстық жанжал емес екенін айтқан болатын.
"Болған оқиғаға қатысты нақты айта кеткім келеді: бұл жеке немесе тұрмыстық жанжал емес. Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді. Ашық мәлімдеймін: Мемлекет басшысы айтқандай, қазақстандық спорттағы жүйелі реформаларды жүзеге асыру жолындағы мұндай арандатушылықтар біздің шешімімізді шайқалтпайды", – деді Серік Сәпиев.
Кейін Дәурен Есімханов та әлеуметтік желіде шағын пост жазды.
"Қазір әлеуметтік желілер мен БАҚ-та шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат тарап жатыр. Арандатуға ермей, жағдайды ушықтыруға бағытталған әрекеттерге жол бермеуді сұраймын", – деп жазды Дәурен Есімханов.