Семей қаласының қос жағалауын байланыстырып тұрған аспалы көпірдің асфальт жабыны толық ауыстырылады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Көпірдегі қозғалыс схемасы өзгеріп, көліктер төрт жолақпен қатынап жатыр. Асфальтты ауыстыруға 80-ге жуық жұмысшы және 20-дан астам техника тартылған. 

Жоба бойынша жөндеу жұмыстары шілде айының басында аяқталады деп жоспарланып отыр.

"ТМД-дағы жалғыз, үлкен аспалы көпіріміз 2000 жылы пайдалануға берілген. Сол уақыттан бері асфальт төсемі толық ауыстырылмаған. 25 жыл бойы жамап, жасқап, ой-шұңқырларын бітеп келген. Алғаш рет осындай ауқымды жұмысты қолға алып жатырмыз. Уақытша шектеулерге халық түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Жұмыс барысында заманауи технологиялар қолданылады", – делінген хабарламада.