Семейде жылу маусымы басталып, қазандықтар іске қосыла салысымен қала қара күйеге боялады. Ал мұржалардан ұшқан қара түсті ұнтақ ауаны ластап, адам денсаулығына зиян келтіреді. Әсіресе жылу орталығына жақын тұратын тұрғындар далаға не киім жая алмай, не балаларын ойната алмай әбігерге түсетінін айтады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.  

Семей тұрғындарынан жыл сайын жылу беру маусымы басталысымен маза қашады. Жылу орталығының айналасындағы үйлердің ауласы адам шошырлық. Қазандықтың мұржасынан шыққан қара түсті ұнтақ күйеге айналып, көшелер мен көліктердің үстін түгел басып қалған. Тұрғындар соңғы күндері көлік жуудан да қалғанын айтады.

"Ауа лас. Төңірек қара күйе, есікті ашсаң, үйге түтін кіреді. Киім, перде, төсек-орын – бәрін қара күей басып салады", – дейді Семей тұрғындарының бірі Әйгерім Құрманбекова.

Тұрғындардың айтуынша, қыста қазандықтан шыққан қара түсті ұнтақ тіпті ақ ұлпа қардың өзін қара түске бояды. Сондықтан, халық будақтаған түтін денсаулығымызға зиянын тигізіп жатыр деп алаңдап отыр. Қара күйе жылдар бойы діңкелеткен жұрт, бұл мәселеге жергілікті билік өкілдерінің назар аударғанын қалайды.


Оқи отырыңыз: Жылуы жоқ мектептер: Семейде оқушылар сабақтан ерте қайтуға мәжбүр


Ал қалалық "Жылукоммунэнерго" басшылығы мұндай қою түтіннің шығуы алдымен көмірдің ұсақтығынан және қазандықтарда тазалау сүзгісінің болмауынан деп отыр.

"Бұл бір күнде пайда болған проблема емес. Президент те Семейде инфрақұрылымның наар екенін атап айтты. Мәселемен біз айналысып жатырмыз. Түтін тұрбасына арнайы фильтр қоямыз, басқа да шешімдерін қарастырамыз", – деді Семей қаласы "Жылукоммунэнерго" МҚК басшысы Серік Түленбергенов.