Тікелей эфир

Жылуы жоқ мектептер: Семейде оқушылар сабақтан ерте қайтуға мәжбүр

Қала басшылығы әлеуметтік нысандарға 29 қыркүйектен бастап жылу беріледі деп хабарлағанымен, ол орындалмаған.

Абай облысының орталығында мектеп оқушылары бір аптадан бері сабақтан ерте қайтуға мәжбүр. Себебі білім ұяларына уәде етілген жылу әлі күнге дейін берілмеген. Қаладағы кейбір мектеп, балабақша басшылары азынаған ғимарат ішін электр пешінің көмегімен жылытып отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

"Мектебіміз жылу маусымына толық дайын. Жылу кешіктіріліп басталуына байланысты кабинеттерді электр пештерімен жылытып отырмыз. Бастауыш сынып оқушыларын төрт сабақтан кейін, орта және жоғары сынып оқушыларын бес сабақтан кейін үйіне қайтарып жатырмыз", – деді Семей қаласы №10 мектеп директорының міндетін атқарушы Әйгерім Қозыбаева.

Бұдан басқа да облыс орталығында орналасқан әлеуметтік нысан басшылары да жылыту маусымына сақадай сай екенін айтады. Бірақ, күтіп отырған жылудың дер кезінде берілмеуі қол байлау болып тұр.


Оқи отырыңыз: Петропавлда мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлерге әлі жылу берілмеген


Қала әкімдігі бұған дейін 29 қыркүйектен бастап әлеуметтік нысандар, кейін тұрғын үйлер жылуға қосылады деп хабарлаған. Алайда, не себепті бір аптадан бері оқушылардың суық кабинеттерде оқып жатқанын түсіндірмеген.

"Бүгінгі күні сол жақ жағалауда орналасқан балабақшалар мен мектептер жылу жүйесіне қосылып жатыр. Енді ертеңгі күні барлық толығымен толыққанды жұмыс істейді деп біз күтіп отырмыз. Кейбір мектептер қамқоршылық кеңесімен келісе отырып, сабақтарды қысқартты. Бірақ, дегенмен оқушылар оқу бағдарламасын білім беру мекемелері толық орындап жатыр", – деді Семей қаласы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ержан Булабаев.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары