Астана прокуратурасы Qyran тұрғын үй кешенінде екі рет сату дерегі бойынша қылмыстық істі сотқа тапсырды, деп хабарлайды прокуратураның баспасөз қызметі.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктілер құрылыс компаниясының қызметкерлері болып, пәтерлерді екі рет сату арқылы азаматтарды алдағаны анықталды. Қызметкерлер International Invest Company IIC ЖШС атынан жылжымайтын мүлікті сату сылтауымен макеттер, техникалық паспорттар мен құжаттарды көрсеткен.

"Күдіктілер азаматтарға пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және тұрақ орындарын нарықтық құнынан төмен бағамен сатып алу ұсынысын жасаған. Алайда сатып алу-сату шарттарының орнына мемлекеттік тіркеуге жатпайтын брондау шарттары, алдын ала келісімдер мен кепілге беру келісімдері ресімделген. Құрбан болған азаматтар ақшаларын күдіктілердің жеке шоттарына аударған немесе қолма-қол берген", – делінген хабарламада.

Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде келтірілген шығын көлемі 8 млрд теңгеден асты. Сот санкциясымен жалпы сомасы 7,4 млрд теңгені құрайтын жылжымайтын және жылжымалы мүлікке тыйым салынды. Үш күдікті қамауда, төртіншісіне кепілдікпен бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотта қаралуға жолданды.