Президент Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты анасының әлеуметтік желілерде жариялаған үндеуімен танысты.

Бұл туралы Қазақстан президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

"Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті. Президент қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды", – деді Берік Уәли.

Еске салайық, Жамбыл облысында сарбаз жансақтау бөліміне түскен еді.