Сарапшы: Жастардың 85%-ы өзінің қай мамандыққа икемі барын білмейді
Қазақстанда жыл сайын мыңдаған жас мектеп бітіріп, жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға түседі. Бірақ олардың басым бөлігі өз болашағын жоспарламай, қандай мамандық таңдайтынын білмей жатады. Бұл сұрақтарға жауап іздейтіндердің көбі 11-сыныпқа жеткенде ғана ойлана бастайды. Мамандар бұны қауіпті тенденция деп бағалайды. Себебі жасөспірім нақты бағыт пен қызығушылықты ерте анықтамаса, сапалы маман даярлау қиынға соғады.
“Төрт кезең – төрт мүмкіндік”
Педагог-психолог Омарбек Көшкімбайұлы бұл мәселенің түп-тамыры баланың тұлғалық дамуындағы кезеңдердің ескерілмеуінде деп отыр.
"Қазір жастардың 85%-ы өзінің қандай мамандыққа икемі бар екенін білмейді. Бұл – үлкен проблема. Баланың дамуында төрт маңызды кезең бар. Егер осы сатылар дер кезінде дұрыс өтпесе, жасөспірім болашағын айқындай алмай, өз жолын ұзақ іздеуге мәжбүр болады", – дейді сарапшы.
Баланың даму кезеңдері:
- Махаббат кезеңі (0–6 жас) – балаға шынайы махаббат пен еркіндік қажет. Бұл оның ішкі сенімін қалыптастырады.
- Ашылу кезеңі (1–5 сынып) – ата-ана 100% жауапты. Бала әртүрлі үйірмелер арқылы өз қабілетін сынап көруге тиіс.
- Бағыт кезеңі (7–9 сынып) – бала өзі шешім қабылдай бастайды. Ата-ана тек бағыт береді.
- Жауапкершілік кезеңі (10–11 сынып) – бала өз таңдауын жасап, мамандығын анықтайды.
“Өкінішке қарай, біздің қоғамда екінші және үшінші кезең мүлде назардан тыс қалып отыр. Соның салдарынан жасөспірімдер кім болғысы келетінін білмей, кездейсоқ шешімдерге барып жатыр”, – дейді Омарбек Көшкімбайұлы.
Мамандардың пікірінше, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Қазақстан білім жүйесінде нақты мамандану бағытын енгізу қажет. Бұл дегеніміз әр оқушының бейімі мен қызығушылығына сай жеке бағыт таңдалып, соған терең білім берілуі керек.
Материалды дайындаған: Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің 2-курс студенті Жансая Қамархан.