Шанхайда ШЫҰ талдау орталықтарының форумы өтті
Қытай Халық Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалық жылы аясында халықаралық форум өтті. Оны Халықаралық құқықтық даярлау және ынтымақтастық жөніндегі ШЫҰ орталығы, Шанхай саяси ғылымдар және құқық университеті, Қытай халықаралық мәселелер академиясы мен Қытайдың ШЫҰ зерттеу орталығы ұйымдастырды, деп хабарлады Қытайды зерттеу орталығы.
Форумға бірқатар беделді сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Шанхай саяси ғылымдар және құқық университетінің проректоры Ло Лиган, Қытай халықаралық мәселелер академиясы директорының орынбасары Лю Цин, Қазіргі халықаралық қатынастар институты Еуразия орталығының директоры және Қытай ғылым академиясының ШЫҰ зерттеу орталығының директоры Сунь Чжуанчжи, Фудань университетінің "Бір белдеу, бір жол" және жаһандық басқару академиясы директорының орынбасары Хуан Жэньвэй, бұрынғы ШЫҰ Бас хатшысы Владимир Норов және ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты Сыртқы саясатты зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары Амангелді Таженов өз ойларын бөлісті.
Форум барысында Қытайды зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шаймергенова ШЫҰ университеттері базасында орнықты даму және цифрлық басқару бойынша мемлекеттік қызметкерлерге арналған қайта даярлау курстарын, сондай-ақ жас көшбасшыларға арналған мектептер ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Ол сондай-ақ ұйым кеңістігінде бизнес пен институттар арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдету үшін трансшекаралық арбитражды дамыту және бірыңғай құқықтық қолдануға бағытталған үлгілік заң әзірлеу қажеттігіне тоқталды.
Гүлнар Шаймергенова өңірлік ынтымақтастықтың табысты мысалы ретінде Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік рәсімдерді жеңілдету туралы келісімді келтірді. Бұл келісім ШЫҰ-ның инновациялық шешімдерді іске асырудағы мүмкіндіктерін көрсетеді.
Сонымен қатар, спикер ШЫҰ жобаларына бизнесті, банктер мен инвесторларды белсенді тарту, сондай-ақ БҰҰ реформаларын қолдау және халықаралық қатынастарда әділеттілік пен егемен теңдік қағидаттарын ілгерілету маңыздылығын атап өтті.
Форум ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықты дамытуға, қатысушылар арасында жаңа кәсіби байланыстар орнатуға және өңірлік механизмдердің жаһандық басқарудағы рөлін арттыруға ықпал ететін маңызды алаң болды. Форум қорытындысында ШЫҰ-ның ұжымдық жауапкершілікке, егемендікке және мәдени әртүрлілікке негізделген тәсілі халықаралық жүйеге жаңа серпін беруге қабілетті екендігі айтылды.