Салтанат Нүкенованың өлімі: Оның ағасы жаңа мәліметтерді жария етті
Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған.Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді қарындасы қайтыс болған күні мейрамханада бейнебақылау камерасына түскен кадрларды жария етті. Оның жазуынша, скриншоттарда Салтанатқа қалай соққы жасалып жатқаны анық көрінеді.
Айтбек Амангелді, сондай-ақ сот-медициналық сараптамасының да қорытындысын келтірген.
"Дене жарақаттары "сыртқы соққылар" ретінде бағаланады. Жабық бас сүйек-ми жарақаттары азаматша Нүкенованың өліміне әкелген. Аталған жарақаттар жәбірленушінің бас бөлігіне 12-13 мәрте, көп рет жасалған соққылық әрекеттерге сәйкес келеді", – делінген сот-сараптама қорытындысында.
Сараптама жарақаттар жұдырық және аяқпен жасалу ықтималдығын жоққа шығармаған.
Оқи отырыңыз: Орман өрті, шахтадағы апат, Нүкенованың өлімі: 2023 жыл қазақстандықтардың есінде немен қалады?
Бұған дейін Elmedia басылымына берген сұхбатында Назкен Құсайынова Қуандық Бишімбаев өз кінәсін мойындамайтынын мәлімдеген болатын. Оның ойынша, бұл – жағдайдың қайғылы ушығуының нәтижесі.
"Асқан қатігездікпен ұрды, соқты деп суреттеп жатыр – мұның бәрі болмаған. Нүкенованың денесінде мұндай жарақаттар жоқ. Адам миына қан құйылуынан, субдуральды гематомадан қайтыс болды. Адам осыдан көз жұмған. Біздің қорғауымыздағы кісінің оның басында гематома қалыптасқанын білуі мүмкін емес. Бас сүйегі жарылмаған. Иә, екеуінің арасында шағын кикілжің болған. Төбелес болмаған", – деді Назкен Құсайынова.
2023 жылғы 9 қарашада бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны белгілі болды. Оған дейін 8 қараша кешкілік Астана мейрамханаларының бірінде қонақтар арасында ұрыс болып, нәтижесінде әйел адамның алған жарақаттардан көз жұмғаны хабарланды. Бұл әйел бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова болып шықты. Қуандық Бишімбаев сол күні-ақ қамауға алынды.
Оған бастапқыда ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлімі (Асқан қатігездікпен жасалған адам өлтіру) бойынша айып тағылса, кейін оған 110-бабының 2-бөлімі (Қинау) бойынша айып қосылды.