"Саламатты Қазақстан" пойызы Түркістан облысына аттанды
"Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы Қызылорда облысындағы сапарын аяқтап, бүгіннен бастап Түркістан облысында сапарын жалғастырады, деп хабарлады Кazinform.
Екі аптадан астам уақыт ішінде медпойыз Қызылорда облысында 9 стансада 3 қарашаға дейін жергілікті азаматтарға қызмет көрсетті. Медициналық пойыздың Қызылорда облысындағы сапары 18 қазанда Арал ауданындағы Сексеуіл стациясынан басталып, Жаңақорған ауданындағы Аққұм станциясында аяқталды.
Медициналық пойыздың бас дәрігері Айнұр Егінбаеваның айтуынша, көпшілік арасында кардиолог, невропатолог, окулист, стоматолог, лор секілді дәрігерлерге сұраныс көп. Сондай-ақ, дәрігерлер инсульт алған кісілердің үйіне барып қызмет көрсеткен.
"Оларды арнайы медициналық жабдықтар арқылы тексеруден өткізіп, тиісті диагноз қойылды. Жалпы, бізге еліміздің кез келген азаматы келіп денсаулығын тексерте алады. Олардың біз тоқтаған станция тұрғыны болуы шарт емес. Қазірге дейін 60 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілді. Оның 10-15 пайызға жуығы – балалар», – деді ол.
Оқи отырыңыз: Енді "Өскемен – Астана" пойызының жолаушылары вокзалдан үйіне дейін арнайы автобуспен жете алады
Жобаның соңы 2023 жылғы 6 желтоқсанда аяқталады. Сол уақытта медициналық пойыз 18 мың шақырымнан астам жолды артқа тастайды. Нәтижесінде елдің ең шалғай станцияларында тұратын азаматтар жоғары білікті медициналық, медиативтік және әлеуметтік сала мамандарының қызметін пайдалана алады.
Әлеуметтік жоба медициналық кабинеттері жоқ аймақтарды қамтиды. Яғни, биыл шалғайдағы станция тұрғындары тағы да тегін тексеруден және емделуден өтуге мүмкіндік алды.
Медициналық пойызда терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр және өзге де дәрігерлер халыққа қызмет көрсетеді. Пойыз заманауи диагностикалық және емдік жабдықтар, ультрадыбыстық, флюорографиялық аппарат, шағын операциялық бөлме, зертхана, интернетке сымсыз қол жеткізуге арналған байланыс құралымен жабдықталған.