Енді "Өскемен – Астана" пойызының жолаушылары үшін "Перроннан үйге дейін" қызметі қолжетімді болады, деп хабарлайды "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.
Биылғы жылдың 2 қарашасынан бастап "Жолаушылар тасымалы" АҚ "Перроннан үйге дейін" қызметін кеңейтіп, № 67 Өскемен – Астана пойызының жолаушыларына трансферді іске қосады. Енді осы пойыз жолаушылары жайлы да шағын автобуспен "Нұрлы жол" теміржол вокзалының перронынан өз үйіне (межелі пунктке дейін) жете алады.
"Тапсырыс берілген трансфер вокзал кешеніне келіп тоқтайды. Қызмет құны 850 теңгені құрайды. Азаматтар жолаушылар вагондарындағы QR-кодты сканерлеп, қажетті мекенжайды көрсетіп, ақы төлеп қызметке тапсырыс береді. Сондай-ақ, жолаушылар веб-сайт арқылы вокзалдан үйге дейін трансферді өз бетінше шақырта алады", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: "Пойыз астына түсе ме деп уайымдаймыз". Қызылорда облысында теміржол өткелі қараусыз қалған
Айта кетейік, "Перроннан үйге дейін" қызметін №3 Алматы – Астана, №85 Шымкент – Астана, №67 Өскемен – Астана пойыздарының жолаушылары пайдаланады. Бұл қызмет интермодальды тасымалдауды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде іске асырылады.