Екібастұзда сегіз айлық баласын өлімге әкелген әйел сотталды. Бұл туралы Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Сот анықтағандай, 2023 жылдың 10 қарашасы мен 17 қарашасы аралығында Екібастұз қаласының маңындағы Шідерті ауылында тұратын әйел өзінің сегіз айлық баласына қылмыстық немқұрайлылық танытып, оны жеткілікті мөлшерде тамақтандырмаған, соның салдарынан сәбиі көз жұмған.

Әйел өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініш білдірді.

Қайтыс болған сәбидің анасының кінәсі сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен, сарапшылық айғақтармен, басқа да құжаттық және заттай дәлелдемелермен дәлелденгені хабарланды.

Сотта прокурор әйелді бір жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушінің өкілі мемлекеттік айыптаушыны қолдады. Сотталушы оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.

"Бұл қылмыс онша ауыр емес санатқа жатады және заңда бас бостандығын шектеу немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың болмауына және жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлардың болуына байланысты жаза мөлшері көрсетілген мерзімнің жартысынан, яғни 1 жыл 6 айдан аспауы керек. Сот айыпталушының жеке басын және отбасылық жағдайын ескере отырып, оны 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті", – деді сот.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда ата-аналардың 58 пайызы баласының суреті мен жеке мәліметін желіге жариялайды


Сотталушының да ата-аналық құқықтары шектелген. Оның қалған екі кішкентай баласы қорғаншылық органдарына тапсырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.