"Садақа жинаумен айналысқан". ҚМДБ "Жібек жолы" қауымдастығымен келісімді бұзды
Қауымдастық келісім талаптарын бірнеше мәрте орындамаған.Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы "Жібек жолы" қайырымдылық мекемелерімен өзара әрекеттесу туралы екіжақты келісімнің тоқтатылуына байланысты мәлімдеме жасады.
ҚМДБ мен "Жібек жолы" қауымдастығының арасындағы келісім бойынша, екі жақ та "Жібек жолы" қауымдыстығының қайырымдылық мекемелерінде ешқандай діни-миссионерлік амал жүргізбеуге міндеттелген. Яғни, қауымдастық тәрбиеленушілері ҚМДБ мешіттері жанындағы діни сауат ашу курстарында діни басқарма имамдарынан дәстүрлі исламдық діни ілімді үйренуі керек болған. Ол үшін басқарма барынша мүмкіндік жасаған. Алайда, "Жібек жолы" қауымдастығы бірнеше рет келісімнің негізгі талаптарын орындамаған.
"Атап айтсақ, осы қауымдастыққа қарасты қайырымдылық мекемелердің ғимараттарында тәрбиеленушілерге діни сабақтарды кедергісіз жүргізуге қол жеткізу мақсатында имамдармен өзара келісуге және мұның заңға қайшы еместігін негіздеп беруге әрекеттер жасалған. Келісім аясында қойылған заңды талаптарды орындамай, мемлекетіміздің заңдарын құрметтемегені үшін "Жібек жолы" қауымдастығының қызметіне қатысты сенімсіздік туындады", – деп жазылған мәлімдемеде.
Оқи отырыңыз: Туризм комитеті қажылыққа барушыларға ресми туроператорлар қызметін пайдалануға кеңес берді
Қауымдастыққа деген сенімсіздік жақында БАҚ-та таралған жаңалықтардан кейін өрши түскен. Полиция қауымдастықтың қайырымдылық мекемелерінен заңбұзушылықтарды анықтап, діни алауыздыққа қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
"Бұдан бөлек, ақпараттық алаңда "Жібек жолы" қауымдастығының "медресе" шәкірттеріне деген сылтаумен садақа жинаумен айналысқаны туралы мәліметтер тарады. Бұл іс-әрекеттерге ҚМДБ-ның қатысы бар деген қате ой-пікірлер қоғамға таралуда. Осы ретте, бұл қауымдастықтың "медресе" деп қате аталатын қайырымдылық мекемелері немесе пансионаттарының Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Павлодар, Тараз қалаларында, Алматы облысының Үшқоңыр ауылында және Түркістан облысының Сарыағаш кентінде қызмет жасайтын ҚМДБ-ға қарасты 9 ресми медресе-колледждерге қатысы жоқ деп мәлімдейміз", – деп жазылған хатта.
ҚМДБ Қазақстан азаматтарын, соның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдерді мәжбүрлі түрде дінге тартуға немесе олардың рухани дамуына кедергі келтіруге ешкімнің құқығы жоқ екенін мәлімдейді. "Жібек жолы" қауымдастығына қарасты қайырымдылық мекемелерінің тәрбиеленушілері өзге де Қазақстан азаматтары секілді ҚМДБ мешіттері жанындағы діни сауат ашу курстарына қатыса алады.