Италия астанасында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының мүсіні орнатылады. Бұл туралы Ақордада Италия президентімен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, бүгін Астанадағы бір көшеге Италияның ұлы саяхатшысы Марко Полоның есімі берілді.

"Келесі жылы Италияда "Көшпенділер алтыны" көрмесі өткізіледі. Сонымен қатар Неапольдегі көне Сан Карло театрында "Абай" операсын қою жоспарланған. Биыл Рим қаласында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мүсіні онатылады. Осы сәтті пайдалана отырып, игі бастамаға қолдау білдіргені үшін Италия халқына шынайы ризашылығымды жеткізгім келеді. Біз мұны қазақтың мәдени мұрасына көрсетілген құрмет пен шынайы достық пейілдің көрінісі деп қабылдаймыз. Осы тағылымыды шаралар халықтарымызды жақындата түсетіні сөзсіз", – деді президент.