Ресей журналисі Дмитрий Муратов Нобель медалін 103,5 млн долларға сатты
Бұл – тарихтағы ең жоғары баға және бұрынғы рекордтық көрсеткіштен 20 есе жоғары.ТАСС агенттігінің хабарлауында ресейлік журналист Дмитрий Муратовтың Нобель медалі аукционда рекордтық бағада сатылды. Аукцион 700 мың доллардан басталып, аз уақыт ішінде оған ұсыныс бірнеше миллион доллардан асып түскен. Баға 16,6 миллион долларға жеткенде телефон арқылы 103,5 миллион доллар ақы ұсынылған. Аукцион осы сомамен жабылды.
Сатып алушының кім екені белгісіз. Қаражат ЮНИСЕФ халықаралық қорына аударылады.
Оқи отырыңыз: Nobel Fest: Нобель лауреаттарының дәрістерін тегін тыңдаңыз
Нобель медалінің бұған дейінгі рекорды 4,76 миллион доллар болған. Бұл бағаға 2014 жылы Christie's аукционында ДНҚ молекуласының құрылымын ашқан америкалық биолог Джеймс Уотсонның наградасы сатылған болатын.
Еске салайық, "Новая Газета" басылымының бас редакторы Дмитрий Муратов Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын 2021 жылы "демократия мен бейбітшілік орнату үшін басты шарт болып табылатын өзін-өзі көрсете алу мүмкіндігі мен сөз бостандығын қорғауға" қосқан үлесі үшін алған.