"Раушан гүлі аңқисың": Нүкенова қайтыс болған күні BAU мейрамханасына келген әйел куәлік берді
Ол Қуандық Бишімбаевқа неліктен "Сен раушан гүлі аңқисың" деген мәтінмен хабарлама жолдағанын түсіндірді.Сот Салтанат Нүкенова қайтыс болған күні Қуандық Бишімбаев BAU мейрамханасында кездескен Гүлнар Насырбековадан жауап алды.
Ол Қуандық Бишімбаев екеуі бір спорттық және гольф клубтарына баратындықтан, бір-бірін танитындарын айтты. 2023 жылдың 3 қарашасында сотталушы онымен кездескісі келген, бірақ Насырбекова шетелде болған. Содан кейін Бишімбаев онымен 9 қарашаға кездесуге келіскен. Әйел бұл олардың спорт клубтарынан тыс бірінші және жалғыз кездесуі екенін айтты.
Белгіленген күні түскі ас уақытында Бишімбаев Насырбековаға телефон шалып, кездесу туралы келісім өз күшінде ме екенін сұраған. Насырбекова мейрамханаға сағат 15.30 шамасында келген.
"Мен сол жерге (BAU мейрамханасына. – Автор) келдім. Есіктер жабық екен. Мен хабарластым, ол асүй жақтан шықты. Содан кейін ол мені VIP бөлмеге апарды. Біз отырып, әңгімелесе бастадық. Соңғы турнир туралы: жарыс қалай өткені Ташкент туралы сөйлестік. Оодан кейін балалар туралы айттық. Өсімдік негізіндегі тамақтану туралы бағдарламам туралы айттық. Ол сөйлескен кезде менің блогым туралы, жарнама туралы сұрады", – деді Гүлнар Насырбекова.
Ол Бишімбаевтың ұлының үйлену тойымен құттықтағанын, сонымен қатар балаларымен қарым-қатынасы туралы сұрай бастағанын айтты. Насырбекованың келіні сұлулыққа қатысты блогер. Бишімбаев Насырбекованың келініне қатысты қошемет көрсетіп, онымен бірге жұмыс істегісі келетінін жеткізген.
Прокурор Айжан Аймағанова Гүлнар Насырбековадан қарашаның 9-ы күні Қуандық Бишімбаевқа: "Сен раушан гүлі аңқисың" деген мәтінмен жолдаған хабарламасын түсіндіріп беруін сұрады. Бұл хабарлама сотталушының телефонын зерделеу кезінде табылған.
Насырбекова атап өткендей, ол хабарламаны Бишімбаевқа шатасып кетіп жіберген
"Бишімбаевтың қоңырауын өткізіп алғаным туралы хабарлама келді. Ол менде "Қуандық" деп сақталған. Менде "Құдағи" деп сақталған нөмір де бар. Біз BAU мейрамханасынан шыққан соң, бірден торт пен гүл алуға тоқтадық. Фотоға түсіріп, хабарлама жазып жібердім. Бүгін мен осы хабарламаны көргенде есеңгіреп қалдым. Мен мұны құдағиға жібердім, өйткені біз торт пен гүлді құдағиға алдық", – деп түсіндірді Гүлнар Насырбекова.
Оның айтуынша, ол Салтанат Нүкенованы жеке танымайды, оны ешқашан көрмеген, жалпы Қуандық Бишімбаевпен де жақын таныс емес.
Оқи отырыңыз: "Сандырақ". Райымбек Баталов Қуандық Бишімбаевтың сотындағы бейнежазбаларға қатысты пікір білдірді
Насырбекова әңгіме барысында Бишімбаев VIP бөлмеден шамамен үш рет 10-15 минутқа шығып кеткенін айтты. Осы сәттерде Насырбекова бөгде дыбыстарды естімеген.
Біраз уақыттан кейін Бишімбаев пен Насырбекованың қасына олардың досы Әйгерім қосылған.